31.05.2024 _ 11:40

Бочча спортына деген қызығушылық артуда

Бочча – доппен ойын, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге спортта өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беретін бірнеше паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында бочча ойынынан Қазақстан Республикасының ІІІ чемпионаты өтіп жатыр. Астанада еліміздің 12 облысынан 89 спортшы қатысып жатыр. Спорттың бұл түріне қызығушылық артып келеді. Бұл жайлы Қазақстан Бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазы ОКҚ брифингінде айтты.

Оның хабарлауынша, қазір Бочча федерациясына еріктілердің көмегі қажет болып тұр.

«Қоғамдық негізде қолдап жатқан көптеген волонтерлар, меценаттар бар. Боччаны дамытудың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі адамдар қоғамға белсене атсалысып, дамыса екен деген ниетпен осы спорт түрін дамытып жатырмыз. Бочча федерациясы аясында волонтерларды жинағымыз келеді», – деді спикер. 

Алдыңғы жылы Бочча чемпионатына 10 аймақтан 50 спортшы қатысты. Биыл спортшылардың саны 2 есеге өсті. Отандық спортшылар өз қалаларында ғана емес, шетелге де шығып, оқу-жаттығу жиындарына қатысады.