03.06.2024 _ 12:22

Отбасының цифрлық картасы арқылы жыл басынан бастап 115 мың адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді

Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде 2024 жыл басталғалы 251 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін SMS-хабарлама жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 115 мың адам пайдаланды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінгі күнде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

ОЦК енгізудің басты мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты ҚР Әлеуметтік кодексінде Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Сондай-ақ, ОЦК азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқықтары туралы күнделікті «электрондық хабарлама» болып табылады.

Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем.

Сондай-ақ, ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажеттігін атап өтеміз.