06.06.2024 _ 11:40

Туризм саласында 300-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру кезінде 7,6 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр

Қазақстан Саяхат және туризмді дамыту жөніндегі Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) индексіне сәйкес туристік бағыттар тізімінде 119-дан 52-орынды иеленді. 2 жыл бұрын біздің еліміз 117 елдің ішінде 66-шы орында болған. Ұзақ мерзімді мақсат - осы рейтингтің үздік 50-не кіру. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конферецниясында ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев мәлімдеді.

«Бағаның бәсекеге қабілеттілігін, қызмет көрсету сапасын және әлеуметтік-экономикалық ықпалды қоса алғанда, түрлі критерий бойынша рейтингті жақсарту біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Екінші жағынан, бұл - орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, қауымдастықтар, бизнес және аралас салалардың үйлесімді жұмысының көрсеткіші. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туристік сала пандемиядан кейін толық қалпына келіп қана қоймай, туризмнің негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи ең жоғары деңгейге жетті. 2023 жылы елге 9,2 млн шетелдік азамат келді, бұл  2022 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. 9,6 миллионнан астам отандас ел ішінде саяхат жасады. Бұл көрсеткіш 2022 жылдан 1 млн адамға асады. Орналастыру орындары 229 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 1,3 есе көп», - деді спикер. 

Туризм саласынан бюджетке түсетін салық түсімдері 450 млрд теңгені құрады, 2022 жылғы көрсеткіштен 64 млрд теңгеге артық. Жоғарыда аталған динамика сала дамуының оң үрдістерін айғақтайды. 2023 - жылы негізгі капиталға инвестициялар көлемі бойынша да жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Осы кезеңде инвестиция көлемі 787 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 53%-ға артық. 2024 - жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы оң серпінді көрсетіп, 3 есеге артып, 177 млрд теңгеге жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 57 млрд теңгеге 117 жаңа туристік нысан ашылды. Тағы жалпы сомасы 433 млрд теңгеге 297 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

«Оларды 100% іске асыру кезінде 7647 жұмыс орнын, бұл ретте 3219 тұрақты жұмыс орнын, 4428 уақытша жұмыс орнын құру, сондай-ақ 10 мыңнан астам төсек-орын жасақтау жоспарлануда. 2024 - жылдың соңына дейін жалпы сомасы 246 млрд теңгеге 148 жобаны аяқтау жоспарда бар. Бұл жобалар 2457 жұмыс орны мен 5970 төсек-орын құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті комитет басшысы. 

Туризм және спорт министрлігі туризм саласы бойынша инвестициялық әлеуетті дамытуға баса назар аударуда. Басым аумақтардың тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, барлық аймақта әлеуеті зор орындар анықталды. Әр дестинацияда басымдық берілетін туристік аумақтар құру жоспарлануда.