06.06.2024 _ 11:50

ҚР ТСМ: әкімдіктерге туристік инфрақұрылым салу бойынша заңнамалық құзыреттер беру бойынша жұмыстар жалғасуда

2023 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы жобаларға берілетін мемлекеттік қолдау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 8 есеге ұлғайды. Жалпы сомасы 800 млн теңгеден астам өтінімдер мақұлданды. Бұл жобаларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд теңгеден асты. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев атап өткендей, саланы одан әрі дамыту мақсатында жыл басынан бері ведомствода жаңа бастамалар пысықталуда. Осындай жаңалықтардың бірі қазірдің өзінде күшіне енді, оның аясында халықаралық франшизасы бар қонақ үйлер үшін жеңілдікті несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды.

Тағы бір бастама - фермерлерге өз жерлерінде агротуризммен айналысуға рұқсат беру. Бұл 10 мыңнан астам ауыл тұрғынын үшін қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, әкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша заңнамалық құзыреттер беру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Қазіргі уақытта туристік дестинацияларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін инвестициялық штабтың уақытша шешімі шеңберінде ағымдағы жылдан бастап әкімдіктер туризм объектілеріне жер учаскелерін ұлттық парктер аумағына шығармай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. 

«Туристік маусымға дайындық туралы айтатын болсақ, инфрақұрылымды дамыту - бұл ең маңызды және бірінші кезең. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 131 млрд теңгеге 33 жоба аяқталды. Маңғыстау облысының «жылы жағажайына» инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жоба аяқталды. Жақында ғана Алматы әуежайының жаңа терминалы ашылды. Жазғы маусымның басында Шымкент және Қызылорда қалаларындағы екі жаңа әуежай терминалының ашылуы күтілуде. Бұл жолаушылар ағынын едәуір арттырады және туристік дестинациялардың қолжетімділігіне оң әсер етеді», - деді спикер.

«Әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесінің арқасында IndiGo, FlyNas, малайзиялық AirAsia X сияқты шетелдік авиакомпаниялар Қазақстанның бірқатар әуежайына шектеусіз ұшу құқығын алды. Жазғы маусым қарсаңында Қазақстанның курорттық аймақтарына маусымдық рейстердің жиілігі мен санын арттыру мәселесі пысықталуда. Былтыр олардың саны Алакөлде демалғысы келетін туристер ағынын қамти алмады. 

Көлік министрлігінің ААК ақпараты бойынша 2024 жылы конкурстардың қорытындысына сәйкес 22 субсидияланатын әуе рейстері мен коммерциялық рейстерді жүзеге асыру жоспарлануда. 

Экотуризмге сұраныстың артуын ескере отырып, ұлттық парктерге бару көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оларға 2,4 миллионнан астам адам келді. Бүгінде Қазақстан бойынша 16 визит-орталық жұмыс істейді, оның 7-і ұлттық парктер аумағында орналасқан. Өткен жылы Алтын Емел, Шарын және Іле-Алатау ұлттық парктері жалпы құны шамамен 3 млрд теңгені құрайтын 3 жаңа визит-орталықпен толықтырылды.