07.06.2024 _ 12:00

Микроқаржы ұйымдарының портфелі 2 есеге артты

Қазіргі уақытта микроқаржыландыру секторы еліміздің қаржы секторының ең жылдам дамып келе жатқан сегменті болып отыр. Соңғы үш жылда микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (МҚЖАҰ) мен несие портфелінің активтері 2 еседен астам өсіп, несие портфелі бойынша 2,4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов ОКҚ брифингінде мәлім етті.

Соңғы жылдары микроқаржыландыру секторы өсуінің негізгі драйвері кредиттік ресурстарды ұсынудың жылдамдығы мен қарапайымдылығы болды. Микрокредит беру субъектілері қызмет көрсетудің цифрлық технологияларын белсенді қолдана бастады, бұл бүкіл ел бойынша таралған ауқымды филиалдық желімен бірге клиенттерге ұсынылған өнім желісінің қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ бизнесті дамыту үшін, әсіресе шалғай аудандар мен ауылдар үшін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің, жеке тұлғалардың кредиттік ресурстарға қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік береді. 

«Мәселен, 3 жылдық кезеңде микроқаржыландыру субъектілерінің несие портфелінің құрылымында бизнеске микрокредиттер көлемі 2 есе ұлғайып, несие портфелінің  жалпы көлемінің 56%-ын құрады. Сонымен қатар, несие портфелінің айтарлықтай өсуіне қарамастан, NPL деңгейі 3,9% деңгейінде сақталды», – деді спикер.

Өңірлер бойынша микрокредиттердің ең көп көлемі Павлодар (23%) және Қостанай облыстарына (13%) минералдық ресурстарды өндірумен және электрмен жабдықтаумен байланысты өнеркәсіп секторларына тиесілі. Сауда және қызмет көрсету секторларына кредит беру Шымкент (10%), Астана (7,3%), Алматы (5,4%) ірі қалаларында және Түркістан (9,8%) және Жамбыл (5,3%) облыстарында басым.

«Егер экономика салалары бойынша кредит берудің жиынтық көлемін қарастыратын болсақ, микроқаржыландыру субъектілерінің қызметі көбіне өнеркәсіп пен электрмен жабдықтауға (35%), ауыл шаруашылығына (25%), саудаға (17,5%) байланысты салаларда және қызмет көрсету (14,9%) саласында шоғырланған. Кредиторлар бойынша Қазақстанның 20 облысының 17-сінде кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер үлесі жоғары (68%). 2023 - жылдың нәтижесі бойынша бизнеске кредиттік серіктестіктер берген микрокредиттер 932 млрд теңгені немесе кредиттік серіктестіктердің жиынтық портфелінің 96%-ын құрады», – деді Агенттік өкілі.

Бүгінгі күні кредиттік серіктестіктер бизнеске жеңілдік талаптармен қолдау көрсететін түрлі шараның белсенді қатысушылары болып табылады. Олардың қызметі ауыл шаруашылығын белсенді дамытып жатқан, шалғай аудандар мен ауылдардағы үй шаруашылықтарын қолжетімді қаржымен кеңінен қамтуды қамтамасыз етеді. Кредит беруде кредиттік серіктестіктердің үлкен белсенділігі осы өңірлерде үлкен егіс алқаптарының орналасуына байланысты Қазақстанның барлық солтүстік, орталық (48%) және оңтүстік өңірлерінің (24,3%) ауыл шаруашылығында байқалады. Осы өңірлерде ауыл шаруашылығына кредит берудің жиынтық мөлшері 2023 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 251 млрд теңгені құрады. МҚҰ субъектілері Қазақстанның барлық облысында бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша МҚҰ-ның бизнеске микрокредиттері 433 млрд теңгені немесе МҚҰ жиынтық портфелінің 35%-ын құрады.