11.06.2024 _ 17:13

Қазақстанда 12 мың шақырым автожол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Астана-Балқаш-Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау-Астрахань» бағыттары бойынша бірқатар автожол жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аяқтау қажет. Жолдардың жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайды. Жалпы аталған жобалар бойынша жұмыстардың ілгерілеуі шамамен 80% құрайды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Биыл республикалық желі бойынша 5,3 мың шақырым жолды жөндеу, салу және реконструкциялау жалғасып жатыр. Президенттің тапсырмасы шеңберінде елімізде 12 мың шақырым автожол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылып, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр.

«Бүгінде орташа жөндеу жұмыстарымен 20 жылдан астам жөнделмеген жолдар қамтылып отыр. Мәселен, 4 облысты басып өтетін «Жезқазған – Петропавл» автожолын құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтимыз. Ақтөбе облысында «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ыргыз» жолын, ал Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында Өскемен мен Семей арасындағы автожолды жөндеуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті ведомство басшысы Марат Қарабаев .

Қойылған міндеттерді орындау мақсатында мердігер ұйымдар жол-құрылыс материалдарын дайындау және құрылыс-монтаж жұмыстарын толық көлемде жүргізіп жатыр. Автожол жобаларын уақтылы аяқтау үшін барлық қажетті шара қолға алынған.