Мемлекет басшысының тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға және реконструкциялауға Үкімет резервінен 9 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды.
Осылайша, Павлодарда (3,6 млрд теңге) ұзындығы 2,5 шақырым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынады. Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері орналасқан аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екібастұзда жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырым (3,6 млрд теңге) болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдарының учаскелері реконструкцияланады. Осы жұмыстың арқасында жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелерді, шағын және орта бизнес нысандарын қосу көзделген. Бұл 2 мыңнан астам адамды қамтиды.
Қалған 1,8 млрд теңге Ақсудағы №3,5 және 8 ықшам аудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға аударылады. Соңғы 2 жылда аталған учаскелерде 40-тан астам ақау тіркелген. Реконструкция жұмысы 1,5 мыңнан астам жергілікті тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда Павлодарда жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 828,1 км (орташа тозу – 82,8%), Екібастұзда – 422,5 км (90,7%), Ақсуда – 99,1 км (59%) құрайды. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуі тиіс, тозу деңгейі аса жоғары 4 учаске анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов бұған дейін Екібастұз ЖЭО-сын одан әрі жаңғыртуға: қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуге және тұндырылған су магистралін салуға резервтен 3,4 млрд теңге бөлу туралы Үкімет қаулысына қол қойған болатын.
Сондай-ақ алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Кентау, Риддер және Қызылорда жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам қаражат және Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге аударылған болатын.
Жылу көздерін, ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту және жылыту маусымына дайындық процесі ҚР Үкіметінің бақылауында.