12.06.2024 _ 15:00

Импортқа тәуелділікті азайту: отандық құрылыс материалын өндірушілерге қандай қолдау көрсетіледі

Елімізде 2029 жылға дейін құрылыс материалдарын өндіру бойынша 170 жобаны пайдалануға беру жоспарда бар. Соның арқасында импортқа тәуелділікті азайту көзделген. Бұл жобаларды іске қосу отандық кәсіпорындардың үлесін 85%-ға дейін арттырып, санфаянс, еден жабындары, талшықты цемент панельдері мен плиталары, тұсқағаздар сияқты тауарларды өндіруді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл жайлы ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков ОКҚ алаңында айтты.

Өңдеу өнеркәсібінің әлеуетті жобаларына жәрдемдесу үшін мемлекет тарапынан «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттары арқылы қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды. Қор түпкілікті қарыз алушы үшін 9%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша өңдеуші өнеркәсіп жобаларын ұзақ мерзімді лизингтік және жеңілдікті қаржыландыру операторы болып табылады. Ал, Қазақстанның Даму Банкі өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне 7%-ға дейінгі ставка бойынша кредиттеуді ұсынады.

«Бұдан басқа, QazIndustry орталығы ішкі нарыққа жылжытуға бағытталған өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының шығындарын өтеу бойынша қаржылық қолдау көрсетіп жатыр. Өнеркәсіп саласындағы қолдау шараларын ұлғайтып, модернизация жасап, құрал-жабдықтарын жаңартып жатқан кәсіпорындарға 40%-ға дейін қолдау көрсету көзделіп жатыр», – деді спикер. 

Алдағы уақытта министрлік бұл бағыттағы барлық мәселені өз қадағалауына алып, отандық құрылыс материалдарының өнідірісін дамытуға сүбелі үлесін қоспақ.