13.06.2024 _ 11:40

Алматыда «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өтеді

Биыл «Айбын» әскери-патриоттық жиыны 16-22 маусым аралығында Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының Оқу орталығында өтеді. Бұл мереке батыр Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналып ұйымдастырылмақ. Халықаралық шараға 5 елдің ұжымы қатысады. ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев ОКҚ алаңында жиынға дайындық барысымен таныстырды.

Оның айтуынша, бұл жиын биыл 10-шы рет өткізгелі тұр. Ол 4 кезеңнен тұрады. Сондай-ақ институтта патриоттық ұйымдар жиналатын коворкинг орталығы ашылады.  

«Әскери институтта Сағадат Нұрмағамбетов атындағы коворкинг орталығы ашылуда. Оның мүмкіндіктері өте кең. Бұл бүкіл Қазақстандағы жастар патриоттық ұйымдарын басын қосатын орталық болады. Телекөпір, ерлік сабақтарын өткізетін мүмкіндіктер бар. Сол кісіге арналған кітаптың презентациясы өтеді. Біраз шақырылған елдердің өкілдері, өз еліндегі ерекшеліктер туралы айтып, кеңінен таныстырады», – деді спикер.

Сондай-ақ бұл шараға өткен жылдардың қатысушылары келіп, өзінің жетістіктері туралы баяндайды. Спикердің хабарлауынша, «Айбын» жиынынан өткен азаматтардың 50-60%-ы әскери жолды таңдады.