13.06.2024 _ 12:00

Жастарды әскери қызметті атқаруға ынталандыру шаралары қолға алынды

Жастарды әскери қызметке ынталандыру бағытында Қорғаныс министрлігі бірқатар шара қабылдады. Ең алдымен, әскери қызметті өткерген жастарға жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріледі. Ол үшін еліміздің 70-тен астам оқу орнымен меморандумдар жасалды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі, подполковник Руслан Жангулин ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, келісмдер негізінде жыл сайын 3 мыңға жуық азамат жоғары оқу орындарына тегін түсе алады. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырудан босатылады. 

«Биылдан бастап бұл мәселені заңдастырған болатынбыз. Қазіргі уақытта оны Парламент Мәжілісі мен Сенаты қолдап, Президент заңға қол қойды. Осының аясында әскери қызметті өткерген жастарға мелекеттік гранттар берілетін болады осы күзден бастап. Олар жатақхана және стипендиямен қамтамасыз етіледі», – деді спикер.

Сондай-ақ әскерге аттанатын жастардың несиелерін төлеу мәселесін шешу үшін Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісіп, меморандумға қол қойды.