18.06.2024 _ 12:00

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға баса назар аударылуда

Ресми статистика деректері бойынша жыл басынан бастап 11 маусымға дейінгі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі 99,9% құрады құрады. Тарихи деректер бойынша мұндай көрсеткіш соңғы 10 жылда болмаған. Бұл жайлы  ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

«Төмендетудегі негізгі үлесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жөніндегі кешенді тәсіл есебінен қамтамасыз етілді», – деді спикер.

Ведомство өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үнемі бақылауда ұстап отыр. Мамандар жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы қызметін үйлестірумен айналысады. Әр апта сайын Премьер-Министрдің орынбасарының қатысуымен өтетін кеңестерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланады. Сондай-ақ бұл тауарлардың бағасын өсірмеу бойынша арнайы Жол картасы жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетерлігі, отандық заңнамада әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15%-ды құрайтын үстемеақы қарастырылған. Одан артық үстемеақы қосатын кәсіпкерлерге тиісті шаралар қолданылады. Салық органдары мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі арасында келісім жасалып, әлеуметтік маңызы бар тауарларды сататын саудагерлер электронды шот-фактура жүргізуге міндеттелді.