20.06.2024 _ 12:20

Хериот-Уотт университетінің Қазақстандағы филиалы жыл сайын 300 студентті оқуға қабылдауға дайын

Британдық Хериот-Уотт университетінің 200 жылдық тарихы бар. 2 ғасыр бұрын тұңғыш өнеркәсіптік революция басталған. Сондықтан бұл ЖОО осы революцияға кадр даярлай бастады. Енді шетелдік білім беру ордасы өз алдына төртінші өндірістік революцияға кадр дайындау мақсатын қойып отыр. Университет өз бағдарламаларын бүкіл әлемге ашуға тырысып жатыр. 28 мыңға жуық студенттің үштен екі бөлігі негізгі кампуста емес, шетелдік кампустарда білім алып жатыр. Қазіргі таңда Хериот-Уотт университеті Малайзия мен Дубайда кампустарын ашып, стратегиялық бағдарламалар әзірледі. Енді шетелдік ЖОО Қазақстандағы Ақтөбе қаласында осындай бастаманы қолға алып отыр. Бұл туралы Хериот-Уотт университетінің провосты және вице-канцлерінің орынбасары Марк Бигс ОКҚ алаңында хабарлады.

«Осыдан 2 жыл бұрын біз әлемді аралып, үздік локация іздедік. Былтыр ҚР Ғылым және жоғары білім министрімен кездесіп, Қазақстанның амбициясы біздің таңқалдырды. Осы ұсынысты қабылдап, үшінші кампусты Қазақстанда ашу туралы шешім қабылдадық. Қай университетпен серіктестік орнатамыз дегенде, таңдау Ақтөбедегі А.Жұбанов университетіне түсті. Біздің мақсатымыз – бұл білім ордасын халықаралық университет деңгейіне жеткізу. Оған бүкіл күшімізді саламыз», – деді спикер. 

Хериот-Уотт университетінің мамандары қазақстандық ЖОО-ның білім беру сапасын көтеріп, кәсіби маман даярлауға басымдық береді. Шетелдіктер жылына 300 студентті оқытуға қауқарлы. Бакалавриат бағдарламасы 3 бағыт бойынша жүргізіледі: электрондық және электрикалық инженерия, компьютерлік инженерия, мұнай-газ инженериясы. Алдағы уақытта мұнда Орталық Азия елдерінің студенттері де оқуға түсуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар PhD бағдарламаларын ашу көзделген.