20.06.2024 _ 14:50

Әділет министрлігі «Е-заң көмегі» чат-ботын іске қосады

Өзінің нақты табысын жасырып, алимент төлемей жүрген қазақстандықтарға қатысты мәселе шешімін тапты. Әділет министрлігі «Smart Data Ukimet» платформасында жалақы мөлшерін төмендеткен деректерді анықтайтын аналитикалық кейсті іске асырды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді.

«Үлкен деректерді зерттей отырып, біз алимент төлемей, ең төменгі жалақы мөлшерін көрсететін азаматтарды анықтай алдық. Бұл мәселені толығымен жою үшін МКК-мен бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Келесі жоба - «ЖСО-робот». Егер сіз бұрын Сергек камерасына түсіп, тағайындалған айыппұлды 50 күн ішінде төлемеген болсаңыз, онда бұл іс жеке сот орындаушыларына берілетін. Қызметкер шотты шектеп, сізден айыппұлдың 25% -н 10 АЕК-ке дейінгі сомасын өндіріп алды. Енді ең төменгі есептеулер бойынша азаматтар жыл сайын осы роботтың арқасында 2,2 млрд теңге үнемдейді. Егер азамат төлемді 50 күннен кешіктірсе, онда біз қосымша SMS, Push-хабарламаларды банктердің қосымшалары арқылы жібереміз. Бұл азаматтардан қаржы өндірмеу үшін жасалады. Енді робот арқылы бұл функцияға төлеудің өажеті жоқ», - деп спикер алгоритмді түсіндірді. 

Тағы бір жаңалық – азаматтарға құқықтық қолдау «Е-заң көмегі» жүйесі арқылы көрсетіледі. Ал, 1 шілдеден бастап ол бейнеконференция режимінде жұмыс істейді.  

«Заң кеңесшісі немесе адвокат сіз үшін әрдайым қолжетімді болады. Кез - келген жағдайда оған қоңырау шалып, кеңес ала аласыз», - деді спикер. 

Сондай-ақ, «Е-заң көмегі» мобильді қосымшасында жасанды интеллектпен чат-ботты енгізу жоспарлануда. Бұл азаматтарға 24/7 режимінде өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.