24.06.2024 _ 14:40

Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 мемлекеттің өкілдері қатысады

Биыл елімізде 8-13 қыркүйек аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. 2 жыл бұрын бұл шара Түркия елінің Изник қаласында ұйымдастырылған болатын. Ойындар 21 спорт түрінен өткізіледі. Жартысы өзіміздің ұлттық спорт түрлері болса, қалғаны - түркітілдес елдердің ұлттық спорт түрлері. Бұл туралы ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында хабарлады.

Ойын қатысушыларының саны 2 жарым мыңға жетеді деп көзделген. Бүгінге дейін 89 мемлекет Ойындарға қатысатынын растады.

«Қала әкімшілігімен келісіп, 32 қонақүйді дайындап отырмыз. Барлық спортшыларға осындай жағдай жасалынып жатыр қазіргі уақытта. Сонымен қатар спорттық инфрақұрылымды айтатын болсақ, Астана қаласында «бір сызық» концепциясы қолданылып жатыр. Бір көшеде тұрған, Қабанбай мен Тұран көшелерінің бойында тұрған спорт нысандары осыған арнайы пайдаланылайын деп жатыр. 7 негізгі спорт нысан. Олардың біреуі - Астана-арена. Ол жерде салтанатты ашылу рәсімі өткізілейін деп жатыр 8-қыркүйекте», – деді спикер. 

Күрестен сайыстар Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Жеңіл атлетика манежы да жарыс ұйымдастыру үшін қолданылады. Ал, ұлттық ат спортынан сайыстар «Қазанат» ипподромында өткізіледі. «Думан» қонақ үйінде ой қабілетіне байланысты спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылады. «Алау» мұз айдынында да күрес бойынша сайыстарды тамашалауға болады. 

Бұл шара тек спорт сайыстарымен ғана шектелмей, оның аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарда бар. Ол «Спорт және ғылым», «Тарих және мәдениет», «Көшпенділер ойындарының тағамдары» атты бағыттар бойынша өтеді.