25.06.2024 _ 15:00

ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану кезең-кезеңімен енгізіледі

2023 жылы ЕАЭО-да тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану жөніндегі келісім күшіне енді. Бұл тауарларды ЕАЭО-ға мүше екі және одан да көп мемлекеттің аумағында өткізу кезінде оларды қадағалауға мүмкіндік береді. ЕЭК алаңында келісімді іске асыру үшін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мен алқасының өзара іс-қимыл регламенттерін, навигациялық пломбаларды салу/алу, іске қосу/сөндіру жөніндегі операцияларды жасау тәртібін, навигациялық пломбаларға қойылатын техникалық талаптарды бекітуді көздейтін бірқатар шешімі бекітілді.

ОКҚ брифингінде Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасы орынбасарының м.а. Елдос Саудабаев түсіндіргендей, навигациялық пломбаларды қолдану тетігі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің дайындығы расталғаннан кейін ЕЭК-тің жеке шешімімен енгізілетін болады.  

«Навигациялық пломбаларды қолдану кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Бірінші кезеңде ең қауіпті тауарлар – акциздік алкоголь, темекі, «санкциялық» тауарлар қадағаланатын болады. Екінші кезеңде киім, электроника, аяқ киім, үшінші кезеңде – алкоголь, темекі, аяқ киім, электроникамен қатар ЕАЭО аумағы арқылы транзитпен өткізілетін тауарлар қосылады. Бұл жоба ЕАЭО шекараларында өту жылдамдығын арттыруға, бақылау шараларын азайтуға және тиісінше сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін уақыт пен қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер. 

ЕАЭО-ның үшінші елдермен кедендік шекарасында орналасқан өткізу пунктерінің инфрақұрылымдық міндеттерін шешу басым мақсаттардың бірі болып табылады. Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарадағы өткізу пунктерін толыққанды жаңғырту жүргізіп жатыр. 

Өзбек тарапының келісімі бойынша «Қапланбек» автомобиль өткізу пунктері қайта жаңартуға толығымен жабылды. Қалған өткізу пунктері жабылмай-ақ  реконструкцияланады, бірақ автокөлік пен жеке тұлғалардың қозғалысы шектеледі.  

Өткізу уақытын 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқарту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту кезінде өткізу қабілеті 8 есеге ұлғайтылатын болады. Барлық өткізу пунктін қайта жаңартуды 2024 жылдың соңында аяқтау жоспарлануда.