25.06.2024 _ 17:40

Су тасқынының алдын алу және одан келтірілген залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделген – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Елдің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі көрші елдермен белсенді жұмыс істейді. Ведомство басшылығының сапарлары нәтижесінде Өзбекстан 922 млн текше метр су береді, Қырғызстан су ресурстары министрлігінің басшылығымен Шу және Талас өзендері бойынша су беруді ұлғайту туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта екі елдің су ведомстволары Қазақстанға су беру кестесін ұлғайту бойынша түзету жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева хабарлады.
Су тасқынының алдын алу және одан келтірілген залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделген – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Фото: freepik.com

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ведомство 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алатын 20 жаңа су қоймасын салу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Жетісу өңірінде су қоймаларын салу жоспарланған.  

Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы пайдалануға берілді. Бәйдібек ауданында Бәйдібек - ата су қоймасы, Төлеби ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы басталды. 

Жаңа су қоймалары Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі құрғақшылыққа қарсы күресте көмектесіп, шаруаларды судың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ еліміздің көрші мемлекеттерге тәуелділігін 25% - ға төмендетеді. Сондай-ақ Қазақстанда жалпы көлемі 2 млрд текше метрге жуық қолданыстағы 15 су қоймасын қайта жаңарту жоспарлануда. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы 6 нысанда жұмыстар басталады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Су кодексінің жобасына өзгерістер енгізілуде.  

«Су тасқыны мен құрғақшылыққа болжау, жоспарлау, ден қою шараларының бірыңғай жүйесін енгізу бойынша жеке тарау дайындалды. Мемлекеттік органдардың су тасқыны мен құрғақшылықтың алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралары мен құзыреттері айқындалды. Сондай-ақ ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Су тасқынының алдын алу және олардың залалын азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделген», - деді спикер.  

Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі әр облыстың әкімдіктерімен бірлесіп, 2030 жылға дейін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер және топтық су құбырларын салу мен реконструкциялаудың кешенді жоспарын әзірледі.