Елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдар құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар іске асырылуда.
«2023 жылы «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенциясына факультативтік хаттама ратификацияланды. Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі енгізілді. Оның ішінде мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ республикада мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің 3 деңгейлі жүйесі қалыптасты», – деді спикер.
1 деңгей – базалық. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Оның мөлшері мүгедектігінің тобына және себебіне, тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» Заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты жәрдемақы жыл сайын инфляция деңгейіне көтерілуге кепілдік беріледі.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы мөлшері 7%-ға өсті. Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдар үшін жәрдемақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда: бірінші топ үшін – 89,2 мың теңгеден 95,5 мың теңгеге дейін; екінші топ үшін – 71,4 мың теңгеден 76,4 мың теңгеге дейін; үшінші топ үшін – 48,7 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін өсті. 2024 - жылғы 1 - маусымдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылардың саны 541,8 мың адамды құрайды, ал оның орташа мөлшері – 74 мың теңге. Бұл ретте соңғы 6 жылда мүгедектігі бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен астам өсті.
«Екінші деңгейді атап өтетін болсақ, ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер. Олардың мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты. Үкіметтің шешімдеріне сәйкес МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне байланысты көтеріледі, 2024 - жылы 7%-ға артады. Осы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алды, олардың орташа мөлшері 57 мың теңгеден асады», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Үшінші деңгей – егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен қызметкердің пайдасына жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалса, сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері аударылады.