27.06.2024 _ 14:50

Ядролық физика институты тасымалданатын радиофармпрепараттар спектрін ұлғайтпақ

Ядролық физика институты ядролық медицина өнімдерін 5 елге экспорттап отыр. Мекеме Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бөлген қаражат есебінен 15 маусымнан бастап диагностика және жүрек ауруларын емдеу үшін радифармпрепарат жеткізе бастады. Бұл - Қазақстанның осы саладағы әлеуетінің белгісі. ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» РМК Бас директоры Саябек Сахиев ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін Алматы, Астана, Семей қалаларындағы медициналық орталықтарға препараттар көлікпен жеткізіліп келген. Енді бұл өнімдер әуе көлігімен тасымалданып жатыр. Осы орайда Ядролық физика институты препараттар спектрін кеңейтуге дайын. 

«Бастысы, бұл препараттарды тез арада қалай жеткіземіз деген сұрақ туындады. Air Astana бірінші болып бастады. Енді басқа да қазақстандық компаниялар да жеткізетін болса, онда біз тек 4-5 дәріні ғана емес, барлық спектрімізді ұлғайтып, Қазақстан азаматтарын емдеу үшін шетелге бармай-ақ, елімізде емдеуге, Қазақстанға шетелдік азаматтарды алып келіп, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік туып отыр», – деді спикер. 

Айта кетерлігі, Энергетика министрлігінің арқасында шетелдік компания Ядролық физика институтына 11 млн доллар қаражат бөліп, мекемеде жаңа үдеткіш орнату жоспарда бар. Бұл техника арақылы фторды Қазақстанның барлық өңіріне қалаған көлемде және уақытта жеткізу көзделген.