16.07.2024 _ 14:40

Шегірткемен күресуге 8,1 млрд теңге бөлінді

Қазақстан аумағында үйірлі (азиялық шегіртке, итальяндық прус және мароккалық шегіртке) және саяқ шегіртке түрлері таралған. Саяқ шегірткенің шамамен 270-тен астам түрі бар. Үйірлі шегірткенің жаппай көбеюі ауыл шаруашылығы жерлері мен егістіктеріне үлкен қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларын ұйымдастыруды Министрлік республикалық бюджет қаражатынан пестицидтерді сатып алу, сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері арқылы орталықтандырылған түрде жүзеге асырады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, саяқ шегірткеге қарсы күрес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Соңғы жылдары оның таралу алаңының өскені байқалды: 2020 жылы – 514 мың га, 2021 жылы – 626 мың га, 2022 жылы – 975 мың га, 2023 жылы өңдеу 1,6 млн га алаңда жүргізілді. 2024 жылы Қазақстан Республикасының аумағында үйірлі шегіртке тектестердің таралу болжамы 2,5 млн га құрады. Ақтөбеде 784,4 мың га, Қостанайда 775 мың га, ал Түркістан өңірінде 271 мың га аймақта шегірткенің таралуы болжамдалды.

«Үйірлі шегірткелерді өңдеу жұмыстарына бюджеттен 8,1 млрд теңге қаражат қарастырылған болатын, оның ішінде республикалық бюджеттен 4,2 млрд қарастырылса, Үкіметтің резервінен қосымша 3,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражаттың барлығы зиянкестерге қарсы препараттарды сатып алу жұмыстарын ұйымдастыруға, тиісті пестицидтер, оны сақтауға, тасымалдау жұмыстарына, заңнамаға сәйкес тиісті пестицидтер сатып алынды», – деді спикер. 

Шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғаныш шараларын республикалық деңгейде үйлестіру үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.М. Жұманғариннің төрағалығымен  жедел штаб құрылды. Барлық өңірлерде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жергілікті деңгейде жедел штабтар құрылды.

Айта кетерлігі, Шегірткенің таралуына фитосанитарлық мониторингті «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ 1,5 мың маманы жүзеге асырады.