Оның хабарлауынша, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 427 арнайы бүріккіш техника оның ішінде 289 жерүсті вентиляторлық және штангалық бүріккіштер, 56 аэрозоль газ генераторлары, 36 жеңіл авиация кемелері , 36 ұшақ, 2 пилотсыз авиациялық жүйе және 8 аспалы бүріккіш қолданылды.
«Бүгінгі таңда үйірлі шегірткеге қарсы жұмыстар бірнеше облыста толығымен аяқталып отыр. Оның ішінде Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында жұмыстар толық аяқталып отыр. Сонымен қатар Марокколық шегірткеге қарсы химиялық өңдеулер Жамбыл облысында, Алматы облысында азиялық шегірткеге қарсы, ал Итальяндық прусқа қарсы өңдеулер Абай, Атырау, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында аяқталды», – деді спикер.
Қазіргі таңда Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Қостанай облыстарында итальяндық прусқа қарсы, Абай және Жамбыл облыстарында азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеулер жалғасуда. Жалпы шегірткеге қарсы қорғаныс шараларына 2500- тен астам адам жұмылдырылды.
Биылғы жылы саяқ шегірткенің таралу аумағы 665 мың га болады деген болжам бар. Бүгінгі күнге саяқ шегіртке тектестерге қарсы 586 мың га жер көлемі өңделді. Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу және Павлодар облыстарында саяқ шегіртке тектестерге қарсы қорғаныс шаралары аяқталды.
Шекаралас аймақтарда шегіртке тектес зиянкестер бойынша мәселе тұрақты бақылауда. Шегірткелердің көрші аумақтарға көшуін болдырмау мақсатында көршілес мемлекеттермен бірлескен мониторингтік жұмыстардың жоспарлары жасалуда. Өзбекстандық мамандармен бірлескен тексерулер жүргізілді. Ресейлік әріптестермен бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Қорғаныс шараларының жүргізілу қарқынына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі ауа райы жағдайы болып табылады.
Қазіргі таңда Ақтөбе және Қостанай облыстарында болып жатқан жауын-шашын және қатты жел мониторинг жасауға және химиялық өңдеулерді жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты өңдеу көлемінің ұлғаю қаупі бар.
Бұл ретте ықтимал қауіптерге уақытылы жауап беру үшін пестицидтер нарығына талдау жүргізіліп, шамамен қосымша 500 мың га жуық жерге пестицидтердің қосымша көлемін жеткізуге келісімшарт жасалынды.
Сонымен қатар қызмет көрсетуші мердігермен қосымша жер көлемінде шегіртке тектес зиянкестерге қарсы қорғаныш шараларын резервтегі техникамен жүргізуге келіссөздер жүргізілді.