18.07.2024 _ 12:00

Еңбекке қабілетті 12 мыңнан астам сотталған азамат жұмыспен қамтылды

Түзеу мекемелерінде ұстау жағдайларын жақсарту бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Тиісті жағдай жасамай, оларды түзету үшін тәрбие жұмыстарын жүргізу өте қиын. Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған мекемелердің негізгі қорлары тозған күйде. Бұл бағытта белгілі бір шаралар қабылдануда. Биыл Ақмола, Атырау, Павлодар облыстары және Астана қаласының мекемелерінде камералық ұсталатын 8 тұрғын блоктың құрылысы аяқталады. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Сондай-ақ Алматы қаласында кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған жаңа заманауи колония салу мәселесі пысықталып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында су басқан мекемелердің орнына 3 мекеме салу қарастырылуда. 

«Сотталғандардың түзелуі мен бостандықтағы өмірге бейімделуінің маңызды факторы оларды жұмысқа орналастыру болып табылады. Бүгінгі таңда 22 мыңнан астам еңбекке қабілетті сотталғандардың 12 мыңнан астамы немесе 54,4% - ы жұмысқа орналастырылды. Негізгі мақсат біздің – бұл қылмыспен келтірілген залалы бар сотталғандарды жұмысқа орналастыру. Мекемелерде өнеркәсіптік аймақтардың аумағында РМК бар және 278 жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін жүзеге асырады», – деді спикер. 

Жұмысқа орналастыратын бизнес субъектілерін тарту үшін оңтайлы жағдайлар жасау мақсатында оларға көтермелеу, гранттар бөлу тетіктері әзірленді. Осы мақсатта мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар жұмысқа орналасқан жағдайда бизнес субъектілерін әлеуметтік кәсіпкерлікке жатқызуды көздейтін заңға қол қойылды. Оларға мемлекеттен салықтық жеңілдіктер, жеңілдікті кредиттеу, мемлекеттік гранттар, кәсіптік оқыту сынды преференциялар беріледі.  

Пенитенциарлық мекемелерде орта білім алатын 45 орта мектеп жұмыс істейді. Мұнда 1,5 мыңға жуық сотталған азамат оқиды. 40 мекемеде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша (газ-электр дәнекерлеуші, тігінші, автослесарь, аспаз, электрик, сантехник, құрылысшы және т.б.) 2,3 мыңнан астам сотталғандарды кәсіптік даярлау жүргізіледі. Оқу курсының соңында олар диплом алады. Оқу бағдарламалары азаматтық білім беру ұйымдарынан ерекшеленбейді, мемлекеттік үлгідегі диплом және аттестат беріледі. Сондай-ақ, мекемелер қабырғасында жоғары білім алу мәселесі пысықталуда.

«Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған есепке алынған адамдарды пробациялық бақылау әдістері жетілдірілуде. Пробация қызметінің есебінде 28 мыңнан астам бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған адам бар. Есепке алынған контингентті бақылауды қамтамасыз ету үшін Комитет 2 562 электрондық білезікті пайдалануға енгізеді. Бұл есепке алынған азаматтарды қашықтан бақылауды қамтамасыз етуге және белгіленген талаптардың бұзылуына жедел ден қоюға мүмкіндік береді», – деді ведомство өкілі.  

Құрылғының арқасында пробация инспекторы есептегі адамның орналасқан жерін дәл біледі, осылайша оны тәулік бойы бақылай алады.