19.07.2024 _ 11:50

Жасанды интеллектінің қазақ тіліндегі моделі дайындалып жатыр

Жасанды интеллект саласындағы зерттеулерді дамыту үшін Назарбаев Университеті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірігіп, қазақ тілінде үлкен тілдік модель KazLLM әзірлейді. Бұл модель 100 млрд токенге негізделетін болады. Модельдің сапасын жақсарту үшін қазақ тіліндегі деректерді жинау өте маңызды. Осы мақсатта ұлттық деректер жинау науқаны Hugging Face платформасында жүргізіледі. Бұл туралы Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ашық көздерден 30 млрд токен жиналды. Сонымен қатар мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардан, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдар мен мұрағаттардан 90 терабайт деректер жиналды. 

«KazLLM-нің алғашқы нұсқасы осы жылдың желтоқсанында ұсынылады. 2029 жылға қарай біз жасанды интеллект саласындағы патенттер санын жылына кемінде 20-ға жеткізу жоспарлануда», – деді спикер.

Мемлекеттің жасанды интеллектіні қолдау және дамыту саясатын үйлестіру және тиімді жүзеге асыру үшін Цифрлық даму министрлігі жанында Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллект индустриясын табысты дамыту үшін деректерге қолжетімділік, технологиялық инфрақұрылым және қолайлы реттеуді қамтитын экожүйе құру арқылы мемлекет тарапынан қолдау қажет.

«Мәселен, Комитеттің негізгі міндеттері — есептеу қуаты бар инфрақұрылымды құру, KazLLM қазақ тілінің моделін құру, жасанды интеллектті қауіпсіз, жауапты және этикалық пайдалану үшін жағдайлар жасау, салаларда жасанды интеллектті қолдану, сондай-ақ адами капиталды дамыту болып табылады», – деді комитет төрағасы.

Акселерациялық бағдарламалар ақпараттық технология нарығындағы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, мультипликативтік әсер береді. Бизнес-қоғамдастықты барынша кең қамту үшін есептеу қуаттары, деректер базасы, дата-сеттер, бұлтты есептеулерге жеңілдіктер және тағы басқа қолжетімділігін көздейтін жасанды интеллект экожүйесін құру қажет.

Экожүйені дамыту шеңберінде халықаралық компанияларда жұмыс істейтін қазақстандық мамандардан жасанды интеллект ұлттық құрамасы құрылды.