23.07.2024 _ 11:37

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты

Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының соңғы аптағы жағдайы талқыланды. Ұсынылған деректерге сәйкес, екінші апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа республикалық индексі тұрақты  және 100% құрайды, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті.

Жыл басынан бері ӘМАТ баға индексі де тұрақты, 99,9% құрайды.

Өткен аптада 10 тауар түрінің бағасы төмендеді. Олардың ішінде: сәбіз 1,8%-ға, қарақұмық жармасы 0,7%-ға, нан мен қант 0,3%-ға, жұмыртқа 0,2%-ға, сондай-ақ ұн, күріш, күнбағыс майы, сүт және сүзбе 0,1%-ға арзандады. Рожки, сары май, сиыр еті, тауық еті және айран сияқты басқа өнімдердің бағасы тұрақты.

Аймақтардағы азық-түлік бағасының жағдайы да тұрақты болып қала береді. Еліміздің төрт өңірінде – Астана қаласы, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарында — баға тұрақтылығы байқалады. Бағаның төмендеуі бес өңірінде тіркелді: Ұлытау (-0,6%), Түркістан (-0,4%), Маңғыстау және Батыс Қазақстан (-0,2%), Алматы облыстарында (-0,1%).