26.07.2024 _ 12:00

ӨҚМ Ахуалдық орталығы күн сайын объектілер құрылысының 11 кезеңіне мониторинг жүргізеді

Биыл мамыр айының басында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Ахуалдық орталығы іске қосылды. Бұл төтенше жағдайлар кезіндегі жедел міндеттерді орындауға арналған құрал. Ол орталық өңірлердегі су тасқынынан кейін тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын мониторингілеу және үйлестіру үшін құрылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, келтірілген залал бойынша өтініштерді қабылдау жүйесі әзірленіп, қолданысқа берілді.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова атап өткендей, Ахуалдық орталық келтірілген залал туралы өтініштер бойынша өңірлермен жұмыс істейді: өтінішті eGov жүйесінде қабылдау және тіркеу, үйді қалпына келтіру, жөндеу немесе қайта салу жайында шешім қабылдауға қажетті  техникалық тексеріс жүргізеді. Техникалық аудит қорытындысынан кейін аймақтағы комиссия тұрғын үйді салу, сатып алу немесе жөндеу туралы шешім қабылдайды. 

«Ахуалдық орталық күн сайын қалпына келтіру жұмыстарына мониторинг жүргізеді. Осылайша, құрылыс мониторингі процесінде жұмыстың 11 кезеңі тексеріледі. Бүгінде біз қалпына келтіріліп жатқан әрбір тұрғын үйдің жай-күйін, құрылыс мерзімдерін, сондай-ақ Министрлік жедел түрде шешуге тырысатын өңірлердегі проблемаларды көріп отырамыз», - деді спикер. 

Ахуалдық орталық Министрліктің басқа да кейстері бойынша, мысалы, үлестік объектілер құрылысына мониторинг жүргізу жұмысын жалғастырады.