06.08.2024 _ 10:10

1,7 млн қазақстандық оқушы тегін тамақтанумен қамтылады

Үкімет отырысында ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Жаңа оқу жылында барлығы 7,9 мың білім беру ұйымында 3,9 млн оқушы үшін сабақ басталады, оның ішінде 360 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Бүгінгі таңда мектептердің 90% оқулықпен қамтылды.

Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды қолдау шаралары да жалғасуда. Балаларды оқу құралдарымен және қажетті тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында 22,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Ол 510 мың баланы мектепке дайындықпен қамтуға жұмсалады.

Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап 1,7 млн қазақстандық оқушы мектептерде тегін тамақтанумен қамтылады. Олардың қатарында 1-4 сынып оқушылары және әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы балалары бар.