12.08.2024 _ 14:40

Қазақстанда мұнай-газ саласындағы жобалау жұмыстарын жүргізу қажетттілігі туындап отыр

Қазақстан мұнай-газ саласы – еліміздің экономикасының негізі болып табылады. Осы салада тұрақты дамуды қамтамасыз ету және оның тиімділігін арттыру үшін маңызды шаралар қолға алынып, көп жылғы тәжірибе мен заманауи технологиялар пайдаланылады. Мұнай сервистік компаниялар одағы осы саладағы барлық қатысушының мүддесін қорғап, олардың даму жолдарын қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Қазір бұл салада 250 мыңға жуық азамат жұмыс істейді. Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов ОКҚ алаңында осы сектордағы өзекті түйіткілдерге тоқталып, оны шешу жолдарын айқындады.

Оның айтуынша, Қазақстанда жобалау жұмыстарын жүргізу жоғары маңызға ие. Жобаны қай компания іске асырады, қай компанияның өнімі сатылып алынуы керек сынды сұрақтар жиі туындайды. Президент Қ.Тоқаев осы мәселелерді қолға алуды тапсырды. Оны іске асыруда бірнеше қиыншылық бар. Мәселен, елде кәсіби біліктілігі жоғары инженерлер өте аз. Оларды даярлайтын оқу орындары жоқтың қасы.  


«Екіншіден, бұған дейін Қазақстанның жобалау компаниялары тек қана бейімдеу жұмыстарымен айналысып келді. Шетелде жоба дайындалып әкелінеді. Бізде Қазақстанда тек стандарттарға бейімдеумен айналысып келеді. Бізде жұмысшыларды, кадрларды дамыту мәселесі өте күрделі. Бейімдеуге және жобалауға керекті техника екеуі екі түрлі. Сондықтан жобалау компанияларын техникалық қамтамасыз ету керек»,-деді спикер.  


Рашид Жақсылықовтың хабарлауынша Қазақстандағы мұнай өндіруші компаниялардың өнімі 4%-дан аспайды. Сол үшін алдағы уақытта өндірушілер мен тұтынушылардың байланысын нығайту көзделген. Саладағы кәсіпорындарды 3 алпауыт операторлармен таныстырып, олардың арасында ынтымақтастық орнату жоспарда бар.  


«Соңғы 3 айда бүкіл аймақты аралап шықтық. Тіпті, Солтүстік Қазақстанда мұнай саласына сіздердің өнімдеріңіз қажет дегенде таң қалдырған өндіріс орындары да болды. Сондықтан бұл жұмысты жалғастыруымыз керек. Қазақстанда өндірілді деген сапалы тауар көп болу керек деп есептейміз»,-деді спикер.