16.08.2024 _ 12:00

Жыл басынан бері азаматтық айналымнан 250 мыңнан астам контрафактілік өнім алынды

Әділет органдары зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс атқарып жатыр. Тексерістер құқық иеленушілердің өтініштері негізінде жүргізіледі. Мәселен, Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бері 138 тексеру жүргізіліп, бұзушылықтар анықталды, 133 іс сотқа берілді, 111 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде шамамен 10 млн теңге өндірілді. Азаматтық айналымнан 250 мыңнан астам контрафактілік өнім шығарылды.

Мәселен, Алматы қаласындағы тексеріс кезінде әділет органдары көтерме сауда базарларының бірінде «LEGO» тауар белгісімен белгіленген контрафактілік өнімді сату фактісін тоқтатты. 3 мыңнан астам контрафактілік өнім анықталды. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, контрафактілік өнім жойылды.

Азаматтық айналымнаншығарылатын контрафактілік өнімдердің тізімі өте кең: тұрмыстық заттар, киім, тұрмыстық химия, автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер, гаджеттердің барлық түрі, сонымен қатар балалар ойыншықтары мен тамақ өнімдері. 

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөніндегі іс-шараларды ішкі істер, экономикалық тергеу және мемлекеттік кірістер органдары да жүргізеді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық баптар бойынша 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді, олар бойынша құқық иелеріне келтірілген залал сомасы 40 млн теңгені құрады.

Ақпан айында қаржы мониторингі органдары әділет органдарын тарта отырып, «Мама знает» тауар белгісін заңсыз пайдаланудың жолын кесу бойынша тексеру жүргізді. Бұл бренд жөргек өндірісі бойынша алғашқы отандық компанияға тиесілі. Тексеру барысында контрафактілік жаялықтар тәркіленді. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен азамат Д. ҚК-нің 222-бабының бірінші бөлігі бойынша бөтен тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 40 АЕК айыппұл түрінде жазаға кесілді, «Мама знает» ЖШС пайдасына 25 млн теңге көлемінде залал өндірілді. Бұл мысал заңдарды бұзғаны үшін жазаның қатаң екенін айқын көрсетеді. 
Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне 332 құқық иеленушінің 1025 тауар таңбасы енгізілген. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік кірістердің аумақтық органдары құны 18 млн доллардан асатын тауар шығаруды тоқтатты.

 «Жалған өнімдерде, көбінесе, токсиндер, аллергендер, канцерогендер, пестицидтер, ауыр металдар, гормондар, антибиотиктер және т.б. сияқты зиянды немесе тыйым салынған заттар болады. Көрсетілген сипаттамаларға, сапа және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді пайдалану улануға, аллергиялық реакцияларға, ағза мүшелері мен жүйелерінің бұзылуына, созылмалы немесе емделмейтін аурулардың пайда болуына әке п соқтыруы мүмкін. Құқық бұзушы тауардың сапасына жауап бермейді, бұл тауар белгісінің иесіне елеулі зиян келтіруі мүмкін. Әділет, мемлекеттік кірістер органдары, соттар және құқық қорғау органдары зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдайды. Жұмыс жалғасады», – деп түйіндеді Әділет вице-министрі.