21.08.2024 _ 15:10

Жатақханалардағы орындарды бөлу ашық жүргізіледі

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің жанында 5 жатақхана бар. Мұнда 2 мыңнан астам орын қарастырылған. Былтырдан бері университет кәсіпкерлік сектормен жұмыс істеп, студенттерді жеке меншік жатақханаларға орналастыра бастады. Нәтижесінде 3308 білім алушы жатын орынмен қамтылды. Биыл 8 жеке меншік жатақханамен келісімшарт жасалып, 4126 студентке жатақханада орын дайындалды. Бұл туралы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, ЖОО студенттерді грант иегері, әлеуметтік мұқтаждығы бар, ақылы негізде оқиды деп бөлмейді. Университет бұл азаматтардың барлығын жатақханамен қамтамасыз етпек. 

«Қазіргі күнде 2125 өтінім түсті. Жалпы грант иегерлері, 1-курс студенттері бойынша. Соның ішінен жатақханаға өтінім түсірушілердің жалпы санынан 1 курс студенттері арасынан 1800 өтінім келген. Бұл 25 тамызға дейін құжат тапсыру мерзімі аяқталғанға дейін жалғаса береді. Бірақ біз өтінім түсірген студенттердің өтінімдерін комиссия арқылы қарадық. Бұл жерде айта кету керек, Министрліктің нормативі бойынша комиссия мүшелігіне студенттік өкілетті ұйымдардан басым құрамын кіргізе отырып, тізімді ашық анықтап отырамыз», – деді спикер. 

Университет ескі жатақханаларды қайта жөндеу үшін инвесторлармен келісімдер жасасып жатыр. Сондай-ақ алдағы жылдары жаңа 9 қабаттық жатақхананы салу жоспарда бар.