22.08.2024 _ 11:50

ҚР ӨҚМ: көмір сатуды біртіндеп биржаға шығарамыз

ОКҚ алаңында сөйлеген сөзінде ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов бірнеше жыл бұрын көмір сатып алушылармен жүргізілген күрес туралы айтты. Күн ерте суытқанда және халық арасында жоғары сұраныс болғанда қатты отынның құны тоннасына 35 мың теңгеге жетті, ал әлеуметтік көмір вагондар және жүк көліктерімен шетелге бірнеше есе қымбат бағамен экспортталды.

Бұған жол бермеу үшін әкімдіктер арқылы көмір операторлары мен олар белгілейтін бағаны қадағалау және бақылау сатып алулары жүргізіледі. Өткен жылдың соңында қабылданған Үкімет қаулысында экспортпен кім және қандай шарттармен айналысуға болатыны көрсетілген.

«Бастапқыда көмір өндірумен айналысқан жер қойнауын пайдаланушылар мен өңдеушілер тізімін жасадық және көмірді экспорттауға рұқсат тек салада бұрыннан жүрген кәсіпорындарға ғана берілді. Біз көмір өңдеушілерден басқа барлық жаңа субъектіге шектеулер қойдық. Осылайша, көмірдің сыртқа шығарылуына жол берілмеді. Сондай-ақ соңғы 2-3 жылда көмір жеткізуді цифрландыруды жүргізіп келеміз. Бұрын көмір кен орнынан тұтынушыға дейін 7-8 делдал арқылы жетіп, баға айтарлықтай өскен. Біз көмір сатуды біртіндеп биржаға шығарамыз. Біз 10%-дан бастадық, қазір бұл көрсеткіш 50%-ға жетті. Биржаға тек тікелей аймақтық көмір операторлары жіберіледі», – деді спикер алыпсатарлармен күресу шараларына тоқтала келе.