27.08.2024 _ 10:56

Үкімет 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «2025-2027 жылдарға арналған ҚР Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары мақұлданды. Аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов және қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов республикалық бюджеттің параметрлерін айқындау кезінде ең басты міндет мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты Үкіметтің алдағы уақыттағы іс-қимылдары міндеттемелерді, активтерді және тұтастай алғанда мемлекеттің барлық ақша ағындарын шоғырландырумен байланысты болады.

«Үкімет ұлттық экономиканың сапалы әрі серпінді дамуы үшін келісілген салық-бюджет, ақша-кредит және салалық саясатты жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. Ұсынылып отырған республикалық бюджет жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға бағытталған. Біздің алдымызда бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану міндеті тұр», — деп атап өтті Олжас Бектенов, отырысқа қатысушыларға айтылған тәсілдерді мақұлдап, дауыс беруді ұсынды. Заң жобалары бірауыздан қолдау тапты. 

Ұлттық экономика, қаржы министрліктеріне Үкімет Аппаратымен бірлесіп заң жобалары мен Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ҚР Парламентіне енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.