28.08.2024 _ 16:53

Отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі: бұл не және ол қазақстандық кәсіпорындарға қалай көмектеседі

Қазақстанда экономиканы дамыту және отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша белгілі шаралар қабылдануда. Отандық тауар өндірушілер өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және өндіріс жағдайларын бірыңғайлау мақсатында Отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Бірінші кезекте тізілімде Қазақстанда өндірілген тауарлар мен оларды өндірушілер, ұсынылатын қызмет түрлері, жұмысшылар саны мен өндіріс көлемі туралы ақпарат болады.

ОӨБТ отандық өндірушілерді барлық реттелетін сатып алуларға жіберу құралына, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларын қамтамасыз ету амалына айналады. Өндірушілер елдегі өндірісті оқшаулау деңгейін арттыру бойынша өз қызметін жетілдіреді деп күтілуде

Тізілім қолданыстағы «СТ-KZ» үлгідегі сертификаттарды және өнеркәсіптік сертификатты ауыстыру ретінде әзірленіп жатыр. Бұл бюрократиялық процедураларды айтарлықтай жеңілдетеді, яғни өндіруші мен оның өнімдері туралы барлық қажетті ақпарат онлайн форматта қолжетімді болады.

Қазақстаннан шыққан тауарлардың тізілімін құру бойынша өзгерістер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізілді.

Тізілімді іске қосу 2025 жылға жоспарланған, бірақ мерзімі қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралып жатқан Заңның қабылдануына байланысты.