05.09.2024 _ 14:40

5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық

5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарындағы спорттық жарыстарға барлығы 89 елден 2430 қатысушы тіркелді. Мұның ішіне жаттықтырушылар мен спортшылар кіреді. Ойындарда 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Медальдің жалпы саны – 581 дана. 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 250 млн тг. Бұл туралы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, ойындар аясындағы ғылыми бағдарламаға 12 елден 75 қатысушы тіркелген. Атап айтқанда, ғылыми бағдарлама бойынша Әзербайжан, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан елдерінен мамандар қатысады. Ғылыми бағдарлама 9-11 қыркүйек аралығында өткізіледі.  

«Ал, мәдениет бағытында Этноауылда 100-ден астам мәдени іс-шара өтеді және барлығы 5600 қатысушы бар. Біздің барлық өңірлерімізден «Бірлік керуені» жобасы аясында келетін шығармашылық ұжымдар, 200-ге жуық қолөнершілер және айтыскерлердің қатысуы осы Этноауыл аймағында өтеді. Этноауыл өзінің жұмысын 7 қыркүйек күні бастайды», – деді спикер.  

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы 1355 номері арқылы байланыс орталығынан үздіксіз ақпарат алып отыруға болады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қонақтарды қабылдау үшін 20 астаналық қонақ үй мен 331 көлік құралы жұмылдырылады. Қатысушылар үшін қонақ үйлерден спорттық нысандарға арнайы автобустар ұйымдастырылады. 8 қыркүйек күні сағат 14:00-ден бастап «Астана Арена» стадионында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Ашылу салтанатына қатысушыларды автобустармен жеткізу ұйымдастырылады. Ойындар кезінде қоғамдық көліктер тоқтатылмайды. Сондай-ақ 7-13 қыркүйек аралығында жарыс күндері көрермендер үшін арнайы шаттл-бастар ұйымдастырылады. Әр күні сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін «Астана Арена» стадионы, ЭКСПО  және Республикалық Бас мешітте автобустар жанкүйерлерді спорттық нысандарға ақысыз тасымалдайды.