23.09.2024 _ 09:30

Қазақстан СІМ басшысы «Болашақ саммитіне» қатысты

БҰҰ Бас Ассамблеясы 79-шы сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы қарсаңында Ұйымның штаб-пәтерінде «Ертеңгі күн үшін көпжақты шешімдер» тақырыбында екі күндік «Болашақ саммиті» басталды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Саммит жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Бұл жаһандық іс-шара БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бастамасымен өткізіліп, қазіргі таңдағы және келешекте туындайтын мәселелердің бірлескен шешімдерін табуға бағытталған.

Саммиттің ашылуында БҰҰ Басшысы ХХІ ғасырдың сын-қатерлері ХХІ ғасырдың шешімдерін талап етеді: жан-жақты және инклюзивті, сондай-ақ бүкіл адамзаттың тәжірибесіне сүйенетін негіздемелік шешімдер.

«Мен бұл Саммитте БҰҰ Жарғысының құндылықтарына негізделген жаһандық институттарды заңды, әділ және тиімді ету үшін терең реформаларды қарастыруға шақырдым», – деді Бас хатшы.

Саммитке БҰҰ-ға мүше елдердің мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, сыртқы істер министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Сапардың алғашқы күні ҚР Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу Сербияның Сыртқы істер министрі Марко Джуричпен, Албанияның Сыртқы істер министрі Игли Хасанимен, Анголаның Сыртқы істер министрі Тете Антониомен және Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмунхийн Батцэцэгпен екіжақты кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.

Тараптар жаһандық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға уағдаласты.