24.09.2024 _ 14:40

Қазақстанда қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау басталды

ҚР ДСМ бас штаттан тыс онкологы, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова ОКҚ алаңында еліміздегі адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау бағдарламасының іске асырылу барысы және оны жүргізу себептері туралы айтып берді.

Біріншіден, бұл екпе жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған. Бұл дерт онкологиялық аурулар тізімінде 5-ші орында тұр. Globocan мәліметтері бойынша, 2022 жылы оның 600 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркеліп, 300 мыңнан астам адам көз жұмды.  

Көптеген елде сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің өсу қарқынын ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейсус барлық елді осы патологияны жоюға шақырды. Қазақстан бұл бастамаға 2022 жылы қосылды. Елде жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Жыл сайын 2 мыңнан астам жаңа жағдай және 600-ге жуық өлім тіркеледі.   

«Қазақстанда әр 2 күн сайын 3 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Гинекологиялық қатерлі ісік 11,5%-ды құрайды. Бұл аурумен күресуге мүмкіндік бар. 150-ден астам елде вакциналау қабылданды. Австралия мен Италия жатыр мойны обырының алдын алды деп мәлімдеме жасады. Яғни, балалық шақта вакциналау, сондай-ақ скрининг жүргізіледі. Қазақстанда скрининг 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер үшін тегін жүргізіледі. Сонымен қатар қыздарды осы вирус анықталғанға дейін вакциналау қажет», – деп атап өтті спикер.   

Бұл аурудың белгілері жоқ. Емдеу, диагностика, скрининг тегін жүргізіледі. Былтыр онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, Үкіметпен бекітілді. 2024 жылдың наурыз айында АПВ-ға қарсы вакциналау Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Ол 11-13 жастағы қыздарға ата-анасының рұқсатымен ерікті түрде өткізіледі.   

«Барлығы неліктен балалық шақта вакциналау қажет деп сұрап жатыр. Осы кезеңде иммундық жүйе қалыптасады. Вакцина өмір бойы әсерін сақтайды. Мемлекетке қатерлі ісікке дейінгі процестерді емдеу экономикалық тұрғыдан тиімді, бірақ олар іске қосылмаған. Ісікке дейінгі жағдайды емдеу құны 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін барады. 3-4 сатыдағы қатерлі ісікті емдей бастағанда, химиотерапия, сәулелік және иммундық терапия қосылған кезде емдеу 30 млн теңгеге дейін жетеді», - деп түсіндірді медицина ғылымдарының докторы.     

Сонымен қатар Диляра Қайдарова АПВ қатерлі ісік ауруын тудыратынын растайтын және вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдейтін отандық зерттеу нәтижелерімен бөлісті.