25.09.2024 _ 11:40

Биылғы суару маусымында шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су берілді

Елімізде 1 сәуірде басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғасатын суару маусымы аяқталуға жақын. Құрғақшылық туралы көптеген болжамға қарамастан, Су ресурстары және ирригация министрлігі төтенше жағдайдың, суармалы су тапшылығының алдын алып, былтырғы жағдайдан кейін жинаған тәжірибенің нәтижесінде шаруаларды суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз етті. Суару маусымында шаруаларға шамамен 11 млрд текше метр су берілді. Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымы – «Қазсушар» филиалдары шаруа қожалықтарымен суармалы су беру жөнінде 25 мыңға жуық келісімшарт жасады. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның хабарлауынша, су тұтыну көрсеткіші жоғары аймақтарға: Қызылорда облысына – 3,5 млрд текше метр, Түркістан облысына – 3,2 млрд текше метрден артық, Жетісу облысына – 1,2 млрд және Жамбыл облысына 1 млрд текше метрден астам су берілді. 

«Жұмыс негізгі 3 бағыт бойынша жүргізілді. Біріншісі - су тасқыны кезінде су қоймаларын толтыру, соңғы бірнеше жылда алғаш рет, тіпті кейбір нысандарды пайдалану тарихында алғаш рет су қоймалары 100%-ға толтырылды. Су дипломатиясы - бұл біздің географиялық орналасуымызға байланысты еліміздің оңтүстік аймақтары үшін өте қажет көрші елдермен келіссөздер мен келісімдер. Үшіншісі – гидроқұрылыстарды дайындау – жөндеу жұмыстары, реконструкциялау, каналдарды тазарту, ирригациялық желілерді дайындау және басқа да ұйымдастыру мәселелері», – деді спикер. 

Бірінші бағыт бойынша – су тасқыны кезінде еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 млрд текше метрге артық. Жиналған судың 12 млрд-тан астамы тасқын су. Бүгінгі таңда Қазақстанның солтүстік, оңтүстік, орталық, шығыс және батыс өңірлерінің су қоймалары 80%-ға толды. 

Вегетацияға дайындық аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің қызметкерлері жүзден астам су бекетін жөндеп, қалпына келтірді. 700 шақырымнан астам каналды тазартып, мыңнан астам су құрылысы аттестаттаудан өтті. Сондай-ақ еліміздің 11 өңірінде 98 гидротехникалық құрылыс жөнделді. Су дипломатиясы және көрші елдермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ведомство Қазақстанның оңтүстік өңірлерін қажетті су мөлшерімен қамтамасыз етті. Биылғы суару маусымында көрші елдерден келетін судың көлемі бастапқыда келісілген көлемнен артық болды. 

«Осының арқасында біз Арал теңізіне су жіберу көлемін арттырдық. Биыл Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді, ал теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Соңғы жылдары Солтүстік Аралда су көлемі азайғанымен, 2024 жылдың басынан бастап орташа су деңгейі қайта көтеріле бастады. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның қатысуымен өткен Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі жасалады және келесі жылғы суару маусымына дейінгі кезеңінде су беру көлемі бекітіледі», – деді ведомствоның ресми өкілі.