30.09.2024 _ 14:40

Ішкі сауда субъектілері мемлекеттің қолдауымен жаңартылады

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 6 сәуірдегі Заңы негізінде Сауда және интеграция министрлігіне сауда қызметі субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыреті берілді. Заңды іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары қабылданды, мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың нақты тетігі мен шарттары айқындалды. Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшінін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР СИМ  Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, 2024 жылдың қазан айында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті тарапынан ішкі сауда субъектілерін жаңарту үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсету басталады.

«Мемлекеттік қолдау шаралары 2 түрлі тәсіл арқылы көрсетіледі: біріншісі – несие мөлшерлемесін субсидиялау; екіншісі – несиеге кепіл беру. Жалпы мемлекеттік қолдау шаралары 4 түрлі мақсатқа бағытталған. Олар: сауда базарларын жаңғыру үшін; 2. сауда объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау үшін; 3. үй жанынан дүкен салу үшін 4. осы салада IT бағдарламалар жасау үшін. Бұл бағдарламаға еліміздегі 3 мегаполис Астана, Алматы, Шымкент қалалары және елдегі ойын-сауық орталықтары қатыса алмайды», – деді спикер. 

Сондай-ақ бағдарламаның шарты бойынша сауда нысандарына қатысты жобаларын облыс орталықтарында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерге берілетін сома 3 млрд теңгеден аспайды. Ал, жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратындар үшін берілетін сома 1,5 млрд теңгеден аспайды. 

Несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның несиеге кепіл болу тетігін қолдана алады. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін 50%-ға дейін, жұмысын енді бастаған, құрылғанына 3 жыл толмаған нысандар үшін кредит сомасының 85%-ына дейін несиеге кепіл болады.