10.09.2024 _ 15:33

Modern Diplomacy: «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында көшпелі халықтардың жаһандық бірлігі мен мұрасы атап өтілді»

Қазақстанда «Астана Аренада» көптен күткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға 89 елден 2500-ден астам спортшы мен мыңдаған қонақ жиналды, шара барысында көшпелі өркениеттердің бай мәдениеті мен ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан салт-дәстүрі, бірегей спорт түрлері таныстырылды. Шараның ашылуы туралы материал «Modern Diplomacy» платформасында ұсынылған.
The Astana Times

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде көшпенділер өркениетінің тарихи маңыздылығын және оның дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырғанын атап өтті.

«Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді», - деді ол.

Қазақстан Президенті көшпенділер ойыны дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеп қана қоймай, сондай-ақ жаһандық бірлік пен өзара сыйластыққа ықпал ететінін атап өтті.

«Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.

ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Австралия елдерінен спортшылар қатысатын дәстүрлі спорт түрлеріне арналған ең ірі іс-шараға айналды. 9-13 қыркүйек аралығында көшпелі халықтардың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді, спортшылар садақ ату, құсбегілік және күрес түрлерінен сайысқа түсіп, әлемдік аренада өз елдерінің бірегей мәдени мұрасын паш етеді.

Кеш соңында театрландырылған қойылым көрсетілді, көрермендер Қазақстанның тарихымен танысты.

Материалға сілтеме: https://moderndiplomacy.eu/2024/09/09/opening-ceremony-of-the-5th-world-nomad-games-celebrates-global-unity-and-nomadic-heritage/