03.10.2024 _ 09:30

Skills Enbek платформасында 89 мыңнан астам қазақстандық оқыды

2024 жылдың басынан бастап 89,1 мың азамат, оның ішінде 44,5 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификат алды. Платформада барлығы 474 мың қазақстандық тіркелген, оның 113,4 мыңы – 2024 жылы тіркелді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Оқудан өткен 44,5 мың жұмыссыз азаматтың 13,8 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстарының және Шымкент қаласының жастары.

Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 608 курс жариялады, оның 276-ы тегін. Сондай-ақ, одан әрі оқу үшін білім беру алаңдарына ауысу мүмкіндігімен Courstore, Fluent Education және Яндекс.Қазақстан серіктестерінің курстары бар.

Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Қыркүйек айындағы ең көп сұранысқа ие курстар – «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе», «Продавец», «Построение отдела продаж в отеле», «Основы социальной работы» және «Управление персоналом».

Платформада мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қызмет көрсету, SMART SKILLS және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе enbek.kz сайтындағы «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы тікелей қол жеткізуге болады.

2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады, қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болатынын естеріңізге саламыз.

Платформада тіркелу және жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақтар бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878, 888).