03.10.2024 _ 18:01

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің атқарып жатқан қызметі туралы мәлімет берілді.

Мұрат Нұртілеу өзі қатысқан Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы 79-сессиясының жұмысы, сондай-ақ Болашақ саммитінің қорытындысы жөнінде баяндады.

Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, шет мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының басшыларымен және халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен келіссөз жүргізгенін айтты.

Кездесуде Қазақстан Президентінің қатысуымен алдағы уақытта өтетін халықаралық іс-шаралардың кестесі қарастырылды.

Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне ведомство қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар міндет жүктеді.