04.10.2024 _ 11:40

Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалi аясында 12 қойылым сараптан өтті

Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалінің негізгі мақсаты - Қазақстанның театр өнерін дамыту, сондай-ақ дәстүрлі негізде дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтау және ынталандыру. Сондай-ақ Қазақстанда дәстүрлі театр өнерін сақтау және дамыту, қазақ балалар әдебиетін дәріптеп және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті дамыту болып табылады. Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалiнің барысы жайлы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Азамат Белқайыров ОКҚ алаңында баяндады.

Биылғы Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалi көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналды. Бұл мәдени іс-шара жыл сайын өткізіліп келеді. Фестивалде іріктеуге алынған спектакльдермен алдын-ала сараптамалық кеңес жұмыс жасады. Олардың қатарында еліміздің белгілі театр сыншылары мен театр мамандары бар. Сараптамалық кеңес жұмыс барысында республиканың драма, музыкалы-драма, музыкалы комедия, жастар және балалар театрлары секілді 12 шығармашылық ұжымның қойылымдары сараптан өтті.

«Республикалық театрлар фестивалі Ережесінің талаптарына сай сараптамалық кеңес әрбір мүшесі үздік деген спектакльдерді таңдап, дауысқа салады. Республикалық фестивальдің талаптарына сай деп танылған 9 театрдың қойылымдары көрермендер назарына ұсынылады. Ал бір театр - Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры фестивальдің қонағы ретінде қатысып отыр. Жалпы алғанда 10 театр фестивальге қатысуға жолдама алды», – деді спикер.

Фестиваль бағдарламасы бойынша қойылымдар қазан айының 1 және 5 күндері Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының сахнасында өтіп жатыр. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.