08.10.2024 _ 14:40

Биыл 20 000-нан астам ер азамат әскери қызметке шақырылады

Елімізде әскери қызметке шақыру процесі бойынша іріктеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл үрдіске ел бойынша 195 қалалық және аудандық шақыру комиссиясы қатысуда, оларды қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары басқарады. 2024 жылдың күзіне әскери қызметтен босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 20 000-нан астам ер азамат әскери қызметке шақырылады. ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары  Фархат Айдарбаев ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, белгіленген мерзімде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін жастармен толықтыру аяқталды. Жоспарлы түрде Қарулы күштерге шақыру жалғасуда. 2024 жылы мерзімді әскери қызмет азаматтарын шақыру мынадай түрде сипатталады: олардың жауынгерлік әзірлігін қолдау мақсатында ҚР ҚК мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің санын ұлғайту, әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру мәселелерін іске асыру, әскерге шақыру жұмысын есепке алуды цифрландыру. Осы жылдың күзінде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру үшін Қорғаныс істері басқармалары мен бөлімдерінде 10 шілдеден бастап әскерге шақырушыларды зерттеп, зерделеу және іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

«Жергілікті әскери басқару органының лауазымды адамдары зерделеу барысында әскери шақырушыларды отбасы құрамын, әскери қызмет өткеруге жарамдылық санатын, білімін және мамандығын нақтылайды. Сондай-ақ жеке ісіндегі құжаттарды зерделеп, әскерге шақырушылармен әңгімелеседі. Бұл ретте бүгінгі таңда 18 бен 27 жас аралығындағы әскерге шақырушылар ҚР бойынша 730 мың адамнан тұрады. Соның ішінде 120 мыңы әскерге дайын, ал 120 мыңның ішінен біз 40 мыңын мерзімді әскери қызметке шақырамыз», – деді спикер. 

Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазы азаматқа жеке өзі немесе жұмыс орны, оқу орны бойынша ұйым басшысының қолымен немесе СМС хабарлама арқылы тапсырылады. Азаматқа шақыру қағазын жеке тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органдарына жүктеледі. Мерзімді әскери қызметтен бас тартқандар үшін заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген.