15.10.2024 _ 16:02

Олжас Бектенов 4% ЖІӨ туралы: Экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардың есебінен қамтамасыз етілді. Бұл – әртараптандыру шараларының нәтижесі. Күш-жігерді еселей түсу қажет

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Салалық динамика және инвестиция тарту бойынша жоспарлы көрсеткіштерден артта қалған бірқатар өңір әкімдері тыңдалды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша осы жылдың 9 айында ЖІӨ өсімі 4%-ға жетті. Бұл көрсеткіш негізінен ауыл шаруашылығы (+11,4%), құрылыс (+10,1%) және сауда (+6,3%), өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) салаларындағы оң серпінмен қамтамасыз етілген. Аталған кезеңде мұнай өндіру көлемі төмендеп кетті. 

Премьер-Министр мұнайдан тыс секторлардың есебінен экономиканың өсуі Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес экономиканы әртараптандыру шараларының жалғасып жатқанын көрсететінін атап өтті.

Әкімдіктер мен министрліктердің мақсатты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізудегі белсенді жұмысының маңыздылығы атап өтілді. Бүгінгі таңда негізгі параметрлер бойынша Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Астана және Шымкент қалаларында тұрақты өсімге қол жеткізілді. Ең төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді.

«Артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек. Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сондай-ақ құрылыс пен сауданы ынталандыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Отырыста негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. 9 айдың қорытындысы бойынша 11 өңір жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізген жоқ. 

«Салалық министрліктер мен әкімдіктер өнімді сату нарықтары мен экспорттық тауарларды кеңейту үшін кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетуге тиіс. Өндірістерді Қазақстанға көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керек. Жылдың соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бәріңізге осындай міндет қойып отырмын», — деп тапсырған Олжас Бектенов, өңдеу секторы, агроөнеркәсіп, көлік және логистика, сондай-ақ сумен және электрмен жабдықтау салаларын ерекше назарға алу керектігін атап өтті. Сыртқы істер министрлігіне инвестиция тарту жұмысын күшейтіп, оның нәтижесі мен проблемалық мәселелерді Инвестициялық штаб отырыстарына ай сайын ұсынып отыруы міндет етіп қойылды.

Инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде Премьер-Министр өңір әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Қыркүйек айында инфляция 8,3%-ға дейін баяулады.

Басым міндеттердің бірі отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық қамту үлесін арттыру болып қала бермек. Премьер-Министр өсу әлеуеті жоғары шағын және орта кәсіпорындарды қолжетімді қаражатпен қамту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Өнеркәсіп, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауарларды қолданудың тиімді мониторингін қамтамасыз етуі қажет.

Қаражатты игеру бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне қаржылық тәртіпті күшейту тапсырылды. 

«Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осы жылдың соңына дейін барлық ресурстарды экономиканың сапалы өсуіне жұмылдыруы керек. Қазіргі жағдайда бұл оңай шаруа емес. Сондықтан осы бағыттағы күш-жігерді еселей түсу қажет. Ол үшін министрліктер мен өңірлер үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.