21.10.2024 _ 11:50

Эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты 2026 жылы Астанада өткізілуі мүмкін

Еліміздің эстетикалық топтық гимнастика құрамасы Азия чемпионатына қарқынды дайындық жүргізіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясының вице-президенті Әйгерім Арпабаеваның пікірінше, жарысқа қатысқан 9 мемлекеттің ішінде жеңіске жету отандық спортшылар үшін үлкен жетістік болды.

Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі Қазақстанда соңғы 5 жылда дамып келе жатыр.

«Бәріміз қуанып жатырмыз. Қыздарымыз көріп, гимнастикамен айналысуға келіп жатыр. Біздің федерация осының бәрін сол үшін жасап жатыр», – деді спикер. 

Бұл спорт түрінен Қазақстанның басты қарсыластары Жапония мемлекеті болды. Күн шығыс елінің спортшылары юниорлар арасындағы жарыста 3-орын алды.

«Жапонияда эстетикалық топтық гимнастика бізге қарағанда көп уақыт бойы дамып келе жатыр. 10 жылдай дамытып жатыр осы спорт түрін. Біз бұл спортқа жаңадан келдік. Біз сеньор тобында 2-орын алдық. Жапон қыздары 19-21 жаста. Біздің қыздарымыз 16-17 жаста. Солардың командасы 1-орын алды. Біздің Samruk тобы 2-орын алды. Біз соған да қуанып отырмыз. Бірақ келесі Азия чемпионатын 2026 жылы Астана қаласында өткізсек, біздің қыздар соған дайныдалып, 1-орын алады деген жоспарымыз бар», – деді Ә.Арпабаева.