04.11.2024 _ 15:20

Абай өңірінде 10 спорт нысаны салынды

Семей қаласының сол жағалауында «Конгресс-холл» салынады. Қазір қажетті жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыста Ұлы Абай шығармашылығы мен өңірдің әдеби мұрасын насихаттау мақсатында «Абай жолы кітапханасы» атты бірегей жоба жүзеге асуда.  Арнайы кітап сериясы осымен екінші жыл қатарынан шығарылып, қалың оқырманға жол тартып отыр. Өңір басшысы Нұрлан ұранхаев ОКҚ алаңында Абай облысы бай археологиялық олжаларымен де ерекшеленетініне тоқталып өтті.

Оның пайымдауынша, «Үржар ханшайымы», Елеке Сазынан табылған «Алтын адам», Көкентау платосы мен басқа да артефактілер, өткенге жауапкершілікпен қарап, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуге міндеттейді. 

«Сол себептен, біз, Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мен Шәкәрім атындағы университпен меморандум жасап, археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізу жөнінде келісімге келдік. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Креативті индустрия паркі құрылды. Оның басым бағыттары: кино және медиа; музыка және дыбыс; цифрлық өнер; сән және дизайн зертханалары; ашық коворкинг; инкубация кеңсесі және акселерация», – деді спикер. 

Бүгінгі таңда өңірде 20 имидждік іс-шара өткізілді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Облыстың өзіндік спорттық дәстүрлері қалыптасқан. Кешегі өткен 13-ші «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанған балуан Ерасыл Қажыбаев - Абай облысынан шыққан бесінші барыс.  

Жалпы, облыста спортпен жүйелі айналысатындар саны 42%-ды құрайды. Облыс құрылған сәттен бастап 10 спорт нысаны ашылды. «ALAN» жобасы аясында УЕФА қолдауымен Аягөз ауданының орталық стадионының футбол алаңын жаңарту жүргізілді. Жылдың соңына дейін демеуші есебінен Үржар ауданында 5 спорт залы ашылады. 

«3 жүзу бассейнінің, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, спорт модулінің, сондай-ақ, спорттық-демалыс орталығы мен стадион құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығында 12,5 мың орындық стадион құрылысы басталады. Нысанды іске қосу – 2026 жылдың 4-ші тоқсаны. Инвестор есебінен жаңа жабық толық өлшемді футбол манежінің құрылысы аяқталуда. Жобаға салынған инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асады. Манеж «Елімай» академиясының балаларына жыл бойы футболмен айналысуға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.  

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры мен жергілікті бюджет есебінен инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асатын Семейге қарасты Ұшақтар кентінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.  

Президент тапсырмасына сәйкес Семей қаласын дамытудың бас жоспары әзірленіп, Үкімет қаулысымен, биыл 7 қазанда бекітілді. Бұл цифрлық форматтағы алғашқы бас жоспар. Ағымдағы жылы қаланы абаттандыру және күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 5,6 млрд теңге бөлінді. Биыл 67 аула мен 4 қоғамдық кеңістік жаңартылды. Медицина, құтқарушы сияқты сала мамандарына арналған скверлер ашылды.  

Мәңгілік ел көшесіндегі Арбат, Бауыржан Момышұлы мен Әсет Найманбаев көшелеріндегі Тарихи қиылыс абаттандырылды. Мұхтар Әуезов алаңы жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Облыс құрылған сәттен бастап 105 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

«Осы жерде, бір мәселеге назарларыңызды аударсам. Семейдің өзіне тән ерекшеліктері болған. Ол барша жерлестеріміздің жадында сақтаулы. Естеріңізде болса, былтыр аралдағы балалар теміржолын қайта жаңғыртамыз деп айтқан едім. Темір жол құрылысы аяқталды. Вагондар мен локомотив алынды. Жоба іске қосылуға дайын. Сол сияқты аспалы көпір маңындағы Аквапарк те, семейліктердің сүйікті демалыс орыны болған. Оны да жеке инвестор есебінен жаңартқымыз келеді», – деді Н. Ұранхаев 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында облыс әкімдігі елді мекендерді көгалдандырудың өңірлік жоспарын бекітті, оның шеңберінде ағымдағы жылы  53 мыңнан астам көшет отырғызылды.