05.11.2024 _ 10:53

2024 жылдың қорытындысы бойынша 300 мыңнан астам адам газға қол жеткізе алады

ҚР Энергетика министрлігі елді мекендерді газдандыру бойынша жұмысты жалғастыруда. 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуді және 1 700 км газ құбырларын жаңғыртуды жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет жергілікті атқарушы органдарға «Самұрық-Қазына» АҚ қорынан 145 газбен жабдықтау жобасын іске асыруға 105 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейін 61,8% жеткізу жоспарлануда, бұл 369 мыңнан астам адамды немесе 140 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша деңгей 60%-ға жетті немесе 20 млн адамның 12 млн адамы газбен жабдықтауға қол жеткізе алады).

2025 жылға газдандыру деңгейін 62,1% жеткізу жоспарланған, бұл 55 мыңнан астам адамды немесе 21 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.