Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев атап өткендей, биыл облыс бойынша ауылдық жерлерде 14 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 27 нысан, ал келесі жылы 51 нысан ашу жоспарлануда. Теміртау мен Балқашта 2 ауданаралық аурухана жаңғыртылуда. Бұл өңір тұрғындары үшін медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
2 жыл ішінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне 236 пәтер берілді. Сондай-ақ ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту үшін берілетін қаражат сомасы 1,5 млн-нан 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазірдің өзінде 63 маманға қолдау көрсетілді, жыл соңына дейін тағы 20 маман тарту жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша облыста 10 нысан салу жоспарда бар. Олар былтыр салына бастады. Биыл Қарағандыда 2 мектеп ашылды. Олардың бірі - «жайлы». Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа нысанды іске қосу жоспарланған.
«Бізде тек өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және энергетика саласында 1 мыңнан астам кәсіпорын бар, онда 200 мыңға жуық жұмысшы маман істейді. Колледж жүйесі осы көрсеткішке бейімделеді. Оқу орындарын дайындықтың сегіз басым бағыты бойынша кластерлеу басталды. Бұл орта арнаулы оқу орындарындағы педагогикалық және материалдық-техникалық ресурстарды өнеркәсіп үшін сапалы кадрлар даярлауға шоғырландыруға, сондай-ақ білім беру мен нақты өндіріс арасындағы интеграцияны тереңдетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Осыған байланысты, өңір үшін келесі жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны өте маңызды. Өңір жастарының 60%-ы түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейді.
«Сондықтан Қарағанды облысын еліміздің жұмысшы мамандықтар даярлау орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін барлық қажетті жағдай бар: қалыптасқан орта-кәсіптік білім беру тәжірибесі, бай тарихы бар колледждер желісі, білім мен тәжірибені үйлестіруге арналған өндірістік кәсіпорындар және білікті оқытушылар құрамы», – деп жоспарлармен бөлісті Ермағанбет Бөлекпаев.
Қосымша білім беру бойынша: Қарағандының тұрғын ауданының бірінде заманауи Оқушылар сарайы, Осакаров ауданында Өнер сарайы ашылды. Сондай-ақ мұғалімдерге белсенді қолдау көрсетіледі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында биыл 140 педагог көтерме жәрдемақы алды.
Облыс әкімі «Қазақстан халқына» қорының әлеуметтік жобалардағы маңызды рөлін атап өтті. Олардың қолдауымен мектептерді жаңғырту және жөндеу, сондай-ақ спорт алаңдарын салу бойынша 4 бастама іске асырылды. Денсаулық сақтау саласында пульмонология, комбустиология және кардиология үшін жабдықтар сатып алынады.