07.11.2024 _ 14:40

АӨК саласына көрсетілетін қолдау шаралары: ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі жыл сайын өсім көрсетуде

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы жыл сайын өсім көрсетуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемі 2,1%-ға артып, 3,1 трлн теңгеге жетті. Ағымдағы жылдың 9 айында 2,4 трлн теңгеге азық-түлік тауарлары өндірілді. Өткен жылы АӨК өнімдерін экспорттау көлемі 5,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өңделген өнімдердің үлесі 43%-ды құрады. Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша АӨК өнімдерінің көлемі 3,3 трлн АҚШ долларына тең болса, оның ішіндегі қайта өңделген өнімдер көлемі 55%-ды құрады. Бұл туралы  ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова ОКҚ алаңында хабарлады.

Бұл жетістіктер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мүмкін болды.  

«Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын құру немесе жаңғырту кезінде берілетін инвестициялық субсидиялар; ет, сүт, қант қызылшасы, майлы дақылдар және т.б. өңдеуге тапсырылған кезде берілетін субсидиялар; сары май, қатты ірімшік сияқты терең өңделген өнімдерге берілетін субсидиялар; қосымша құн салығын арзандату және шикізат экспортына қойылған шектеулердің арқасында мүмкіндік болды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесінде бірнеше проблема бар. Соның бірі – ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейінің төмендігі. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша сүтті қайта өңдеу көлемі 62%-ды құрады, майлы дақылдар – 45%, ет – 47% құрады», – деді спикер.  

Екінші мәселе – өңдеу кәсіпорындарының жүктелу деңгейінің төмендігі. Мысалы, ет өңдеу қуатының жүктелуі 54%, макарон өнімдері – 42%, ұн – 36%. Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарындағы негізгі құралдардың тозу деңгейі, орташа есеппен  бұл көрсеткіш 40%-ды құрайды. 

Талдау нәтижелері көрсеткендей, саланың дамуын тежейтін негізгі факторлар: шикізаттың жетіспеушілігі, жоғары құны және сапасының төмендігі; өндірілген өнімді өткізу нарықтарының шектеулігі; негізгі және айналым қаражаттарын толықтыруға жеңілдетілген несиелердің жеткіліксіз болуы; мемлекеттік қолдау шараларының жеткіліксіздігі. 

«Жалпы, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша үш негізгі бағыт бар: дәнді және майлы дақылдарды өңдеу және қант өндірісі. Солардың ішінде астық өңдеу саласына  тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда республика бойынша 350 кәсіпорын жұмыс жасайды. Олар ұн, жарма, крахмал, макарон өнімдерін өндірумен айналысады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,2 млн тонна ұн өндірілген болатын. Ішкі тұтыну көлемі – 1,3 млн тонна. Яғни біз ішкі нарықты отандық өндіріс арқылы екі есе және одан да көп қамтамсыз етеміз», – деді ведомство өкілі. 

Қазақстандық ұн өндірісін ұлғайтуға кедергі келтіретін фактор – экспорт нарықтарының шектелуі.