07.11.2024 _ 15:00

Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі негізгі бағыттар – сүт, ет, тері және жүн өңдеу

Сүт өңдеуде қуаттылығы жылына 2,7 млн тонна сүтті құрайтын 180 кәсіпорын жұмыс істейді, былтыр жалпы жүктеме шамамен 77%-ды құрайды.  2023 жылы 2,1 млн тонна сүт өңделді, бұл 2022 жылмен  салыстырғанда 13,6%-ға артық. Биылғы 9 айда 464 мың тонна сүт өндірілді, 24 мың тонна сары май, 37 мың тонна ірімшік пен сүзбе өнімдері шығарылды. Бұл туралы ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова ОКҚ брифингінде хабарлады.

Қазіргі таңда сүт өңдеудің дамуына тежегіш факторлар жоқ емес. Әсіресе, елімізге импорттық тауарлардың көптеп келу байқалады. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы сүт-тауарлы фермалар желісін жылдық 2,5% мөлшерлемемен несиелеу жобасы жүзеге асырылуда. 

«2023 жылы 65 СТФ іске қосылған болатын, 2024 жылы аталған бағдарлама бойынша бюджеттен 100 млрд теңге қарастырылған. Ет өнерекәсібіне келетін болсақ, жылпы бізде 210 кәсіпорын қызмет атқарады. Олардың жалпы қуаттылығы 400 мың тоннаны құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың орташа жүктемесі 54%-ды құрады. Ішкі нарықтағы салқындатылған етпен 101%-ды қамтамасыз етеміз, шұжық өнімдерімен 60% қамтамасыз етеміз, шұжық өнімдері мен ет консервілерімен 28%-ға қамтамасыз етеміз», – деді спикер.  

Ет өңдейтін кәсіпорындар үшін негізгі проблемалар шикізаттың қымбаттығы және айналым қаражатының жетіспеушілігі болып табылады. Ірі қара және ұсақ мал басын ұлғайту және ет өңдейтін кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап тірі мал экспортына шектеу қойылған.   

Бүгінгі таңда шикізат өңдеудің әлсіз дамыған бағыттарының бірі – тері мен жүнді өңдеу. Тері өңдеумен айналысатын 9 кәсіпорын жұмыс істейді, жүн өңдеу бойынша 13 кәсіпорын бар. 2023 жылы өндірілген 3,3 млн дана ірі қара терісінің тек 6%-ы өңделген. 

Тері мен жүн өңдеуді дамыту үшін әлемдік тәжірибені зерттеу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Моңғолия осындай ел ретінде қарастырылуда. Осыған байланысты қазан айында Мемлекет басшысының Моңғолияға сапары аясында меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум елдер арасындағы ынтымақтастықты көздейді: тері мен жүнді қайта өңдеуді дамыту, кәсіпорын мамандарын даярлау.