08.11.2024 _ 14:50

Еуразиялық әлеуметтік кәсіпкерлік құрылтайына 600 қатысушы тіркелді

Биыл Еуразиялық құрылтайдың тақырыбы «Тұрақты болашақ үшін әлеуметтік инновациялар» деп аталады, оның аясында әлеуметтік кәсіпкерлік, ESG (экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық) саласындағы жаңалықтар мен инновациялар талқыланады. Сонымен қатар форум саладағы тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету, стратегиялық серіктестіктер орнату және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа жолдарын қарастыруды мақсат етеді. Бұл туралы әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразиялық құрылтайының координаторы Алтынай Рамазанова ОКҚ брифингінде хабарлады.

Оның айтуынша, форумның мақсатты аудиториясы – топ-менеджерлер, ірі компания басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, тұрақты және әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы сарапшылар мен инвесторлар, БАҚ өкілдері, әлеуметтік кәсіпкерлер және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері.  

«Құрылтайға 600 адам тіркелген. Қатысушылар арасында Қазақстанның әр облысынан келген ЖАО өкілдері, 10-нан астам квазимемлекеттік органдар мен қорлар, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік тәжірибелерімен бөлісетін шет елдердің өкілдері де бар. Орталық Азия мен Ресейден келетін әлеуметтік кәсіпкерлік саласының сарапшылары мен елшіліктердің қатысуы құрылтайды халықаралық деңгейге көтереді», – деді спикер.  

Қазіргі таңда Еуразиялық құрылтайға және әлеуметтік кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Оның ішінде, Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың форумға қатысуы құрылтайдың мәртебесін арттыра түседі. Сонымен қатар Астана қаласы әкімдігі, Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуы бұл іс-шараның маңыздылығын тағы да айқындайды.