12.11.2024 _ 12:20

БҚО-да халықты тұрғын үймен қамту мәселесі ерекше назарда

Батыс Қазақстан өңірінде 49 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл 32 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Қалған 17 үйдің құрылысы 2025- жылы жалғасады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдардағы тұрғын үй қорын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы кезекте тұрған 110 ауыл бойынша әлеуметтік осал топтар үшін 14 млрд теңгеге 758 тұрғын үй сатып алынып, берілуде. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында халықты тұрғын үймен қамту жайында сөз қозғады.

Биыл Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалармен қатар «Қаладан ауылға!» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба тұрғындардың ауылдық жерлерге кетуін азайтуға және келуін ынталандыруға, еңбек ресурстарының тапшылығын жоюға, ауылдық аумақтар мен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, ШОБ субъектілері санының өсуін арттыруға бағытталған. 

Ағымдағы жылы жоба бойынша тұрғындарды көшіру үшін 57 ауылдық елді мекен анықталды. Жыл басынан бері 78 отбасы ауылға қоныс аударды-бұл 402 адам.  

«2024 жылы «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жеңілдетілген несие арқылы облыс жастарына баспана алу мүмкіндігін ұсынып, 600 миллион теңге көлемінде жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Нәтижесінде, биылғы жылы 40 жас отбасы жаңа пәтерлерге ие болды», – деді өңір басшысы. 

Биылғы көктемдегі су тасқынына байланысты облыста өте күрделі жағдай қалыптасқаны баршаға мәлім. Су тасқыны салдарынан 2 мыңға жуық тұрғын үй және 15 мыңдай саяжай учаскелері су астында қалды. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында 9994 отбасыға 3,6 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Бұдан бөлек, 10 мыңнан астам отбасыға келтірілген шығындарға 3,7 млрд теңгеге материалдық көмек берілді.  

Тұрғындардың баспанасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 4,3 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы саны 1939 пәтер сатып алынып, 889 жаңа тұрғын үйлер салынып, берілді. Қайырымдылық қорларының есебінен 69 жанұяға жаңа баспана берілді.